Тістің ауыз қуысынан шығып тұрған бөлігі тіссауыт деп аталады. Оның сырты
жылтыр кіреукемен (эмаль) қапталған. Тіс кіреукесі - адам денесіндегі ең қатты ұлпа. Оның бір шаршы миллиметр ауданы 400 килограмдай салмаққа төтеп береді. Кіреукенің бұл қасиеті, оның құрамындағы бейағзалық заттарға тікелей байланысты. Тіс кіреукесінің 95%-ы кальций фосфатының қосылысынан тұрады. Бұдан басқа оның құрамында фтор, мыс, мырыш, темір және т.б. заттар кездеседі. Тіс кіреукесінің қалыңдығы да түрліше болады. Тіссауыттың үстіңгі бүдырларындағы кіреуке едәуір қалың. Балалар тістері кіреукесінің құрамында минералдық заттар аз болғандықтан, ол жұқа болады.
Тіс мойны арқылы жақ сүйектеріндегі тіс ұяшықтарына цемент заты арқылы бекиді.
Тіс түбірі жақсүйектердегі арнайы ұяшықтарда орналасқан. Күрек және сойдақ тістердің түбірі бір-бірден болса, азу тістердің түбірі екеу (кіші азу тістерде) немесе үшеу (соңғы үлкен азу тістерде). Тіс түбірінің ұшында кішкене тесік болады. Осы тесік арқылы тістің ішіне қантамырлары мен жүйкелер енеді. Тістің ішкі қуысы кеуекті дәнекер ұлпасымен толтырылған.