Сырты сәл ғана майланған ұстара жүзін немесе инені абайлап, су бетіне
салайық (3-сурет). Ұстара жүзі суға батпайды, су беті сәл ғана иілгендей болады. Ал егер оны тереңірек батырсақ, онда батып кетеді. Демек, мұнда да беттік қабаттағы молекулааралық күштер ұстара жүзінің төменгі су қабатына өтуіне мүмкіндік бермейді.
Енді сұйық қабыршақпен жасалған тағы да бірнеше тәжірибені қарастырайық. Сымнан жасалған сақина алып, оның екі жерін жіппен қосайық. Сақинаны сабын ерітіндісіне салып, сабын қабыршағын алайық (4, а-сурет). Егер жіптің бір жағындағы қабыршақты инемен тесіп жіберсек, онда қабыршақтың екінші жағы жиырылып, жіпті өзіне қарай тартатынын байқаймыз (4, ә-сурет). Әр түрлі пішінде иіліп жасалған сымдармен осындай тәжірибе жасау, оларда пайда болатын қабыршақтардың да пішіндері әр түрлі болатынын көрсетеді. Бірақ бұлардың бәрінде де сабын қабыршақтары берілген бет аумағында мүмкін болатын ең аз ауданды алуға тырысады.