Жалпақ табан адам жүргенде тез шаршап, балтыры, табаны, белі ауырады. Кешке
қарай табаны ісініп, ертеңіне қайтуы мүмкін. Асқынған түрінде табан пішіні мен жүрісінде өзгерістер (кібіртіктеу, аяқты шалыс басу) пайда болып, аяқтың үлкен башпайы қисаяды. Аурудың белгісі біліне бастағанда ортопед-дәрігерге көріну керек.
Ауруды алдын алу үшін спортпен айналысу, әсіресе, жүзумен көбірек шұғылдану керек; бірақ спорттың аяққа көп салмақ түсіретін түрімен (ауыр атлетика, жүгіру, коньки жарысы, т.б.) айналысуға болмайды.
Жылы кезде құмда, борпылдақ топырақта жалаңаяқ жүрген пайдалы. Сондай-ақ, аяқ киімді дұрыс таңдаудың маңызы зор. Тар немесе кең, өкшесі 3 — 4 см-ден биік аяқ киім киюге болмайды.