Слайд 18
Энцефалит (грек. enkephalos – ми) – ауру тарататын микроорганизмдердің салдарынан мидың
қабынуы. Энцефалиттің қоздырғыштары: әр түрлі вирустар (арбовирустар, энтеровирустар, қызылша, қызамық, шешек, ұшық вирустары, т.б.), бактериялар (бруцеллалар, спирохеттер, туберкулез микобактериялары, стрептококк, т.б.), риккетсиялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар (амеба, токсоплазма, трипаносома, т.б.), гельминттер (трематодалар, цестодтар, т.б.). Энцефалиттер патол. процестің дамуына қарай біріншілік Энцефалит және екіншілік Энцефалит болып бөлінеді. Біріншілік Энцефалиттің дамуына әдетте вирусты аурулар әсер етеді. Аурудың бұл түрі маусымдық таралу ерекшелігімен сипатталады. Бұған жылдың белгілі бір кезеңінде инфекция тарататын жәндіктердің (кене, маса) белсенді болуы ықпал етеді. Осыдан кене энцефалиті, маса Энцефалиті, энцефаломиелит, т.б. аурулар туады. Екіншілік Энцефалиттің дамуына әр түрлі жұқпалы аурулардың асқынуы әсер етеді. Мыс., безгек Энцефалиті, бөртпе сүзек Энцефалиті, тұмау, шешек, қызылшадан кейінгі асқынулар. Энцефалитпен ауырып жазылған адамдар тез шаршағыш келеді, басының жиі ауырып, дұрыс ұйықтамауы, еске сақтау қабілетінің нашарлауы бірнеше жылға созылады. Аурудың диагнозы вирусол., бактериол. және серол. зерттеулердің қорытындысымен қойылады. Кейде электрфиз., рентгенол. және радиоизотоптық әдістер – ЭЭГ, вентрикулография, реоэнцефалография, гамма-томография, т.б. қолданылады. Ауруды емдеу Энцефалиттің түріне байланысты жүргізіледі. Ауру асқынғанда, науқасты ауруханада емдейді